көшедегі, жолдағы және тұрмыстық жағдайда қауіпсіздік ережелері
Заң мен тәртіп аясында Көксу ауданының АПБ инспекторлары М. Құрманов атындағы №2 орта мектептің оқушыларымен жаңа жыл мерекесі мен қысқы маусым кезіндегі қауіпсіздік шаралары жөнінде кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараға мектеп менторы М. Нұрғалымов, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары М. Абдраманова, мектеп психологы А.Есенбол, АӘД пәнінің мұғалімі Р.Қалдарбеков да қатысып, оқушылардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмысты қолдады.
Кездесу барысында полиция қызметкерлері балаларға қоғамдық тәртіпті сақтау, көшедегі, жолдағы және тұрмыстық жағдайда қауіпсіздік ережелерін орындаудың маңызын түсіндірді. Инспекторлар жаңа жыл қарсаңында пиротехникалық заттарды қолдану кезіндегі қауіптерге тоқталып, тек рұқсат етілген әрі қауіпсіз өнімдерді пайдалану қажеттігін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар, қыс мезгілінде кездесетін қатерлер — мұздың жұқалығы, жолдағы тайғақтық, тұрмыстық жылыту құрылғыларын дұрыс пайдаланбау салдарынан болатын оқиғалар туралы кең көлемде ақпарат берілді. Балаларға төтенше жағдай туындағанда дұрыс әрекет ету, жедел қызметтерге дер кезінде хабарласу тәртібі түсіндірілді.
Іс-шараның мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, мереке күндері мен қысқы демалысты қауіпсіз өткізуге бағыт беру, сондай-ақ мектеп пен полиция қызметкерлері арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту.
Бұл түсіндіру жұмыстары оқушылардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырып, заң мен тәртіпке құрметпен қарауға тәрбиелеуге ықпал етеді.