Соғыс кезінде еңбек еткен тыл ардагерімен кездесу
Соғыс кезінде еңбек еткен тыл ардагерімен кездесу өткендігі туралы мәлімет
Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында майдандағы сарбаздар соңғы демі қалғанша жан аямай күрессе, тылдағы еңбек те толас тауып көрген жоқ. Ауыл шаруашылығында еңбектенген ерлердің майданға тартылуына байланысты, олардың орнын елде қалған қариялар, әйелдер мен балалар басты. Осылайша сарбаздарды азық-түлікпен, шикізатпен елде қалған әйелдер, балалар мен қарт адамдар қамтамасыз еткені тарихтан белгілі.
Жеңіс күні — соғыс кезінде тылда бел жазбай еңбек еткен тыл ардагерлерінің де мерекесі екені айқын. Осы орайда, «Мектеп парламенті» өзін – өзі басқару ұйымының Мәдениет және өнер фракциясы жоспарына сәйкес және «Патриот» айлығына арналған іс – шаралар жоспары негізінде, мектеп директоры Н.Н.Джексембиева, тәрбие орынбасарлары, педагог – ұйымдастырушылар, «Жас Ұлан» ұйымымен бірлесе «Ұлы Жеңістің 80 жылдығына» орай ауылымыздың тыл ардагері Шалданбаева Ырысжамал Серікқожақызымен кездесу ұйымдастырды.
Еліміздің өткен өміріндегі белестеріне көз жіберер болсақ, Екінші Дүниежүзілік соғысының отты жолдары еске түсетіні белгілі. Бұл бүкіл халықтың басына туған қиынқыстау кезең еді. Әйтсе де майдандағы жауынгерлер мен тылдағы еңбеккерлер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халықтың жеңіске жету үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Бұл оқиға бүгінде сабырмен айтылғанымен, сол бір ажал отын шашқан қан майдан жылдарында қорқынышпен еске алынатын. Соғыс кезінде тыл еңбеккерлерінің еңбегі орасан зор болды. Жұмысшылар жоспарды орындау үшін күні-түні аянбай тер төкті. Шалданбаева Ырысжамал Серікқожақызы – колхоз жұмысын белсене атқарған жандардың бірі. Еңбекқор жастар «Далада бір дән қалмауы керек» деген ұранды жандарына серік етті. Сол кездің жастары елінің нағыз патриоты еді деп еске алды.

